Жаңа пікірді жазу

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОҢТҮСТІКТЕГІ СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОҢТҮСТІКТЕГІ СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 500 орындық «Студенттер үйінің» жұмысымен танысты. Үкімет басшысы жатақханадағы жатын бөлмелері мен кітапхананы аралап көрді. 
Ғимаратта ғаламторға қосылған оқу және компьютер залы, асхана, медициналық кабинет және жатын орындарының бәрі дерлік жуынатын бөлмемен қамтылған. 2015 жылы пайдалануға берілген нысынның құрылысына 1 158 017 тыс. тенге жұмсалған. Жатақхананың жалпы көлемі 9124 шаршы метрді құрайды.
Мұнан соң Премьер-Министр Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқалау мақсатында студент жастармен кездесу өткізді. 
Кездесу барысында жастар мен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, болашақ мамандықтары бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға арналған гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыруды ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету, кәсіпкерлік қызметке шағын несие беру тетіктері, үштілді білім беру мен қосарлы оқыту жүйесін енгізу, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында қабылданып жатқан шаралар инженерлік-техникалық қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға және «білімділердің жылыстауына» қатысты мәселелерді шешуге жол ашады.

Жастар үшін білім алудың қолжетімді болуы айрықша маңызға ие. Президент «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші әлеуметтік бастамасы аясында жыл сайын бөлінетін 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлу туралы шешім қабылдады. Олардың 11 мыңы — Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жоғары сұранысқа ие болатын техникалық мамандықтарға бөлінген.